30
апрель
2026
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай №114 ЖББ мектебінде «Достығымыз жарасқан» атты мерекелік іс-шара жоғары деңгейде өтті. Мерекелік кештің басты мақсаты – елімізде тұратын түрлі ұлт пен ұлыстың достығын, татулығын, бірлігін насихаттау, оқушыларды Отанын сүюге, өзге ұлт өкілдерінің мәдениеті мен салт-дәстүрін құрметтеуге тәрбиелеу болды.Шара барысында оқушылар ән шырқап, ұлттық билер билеп, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сахна төрінде қазақ, үнді, грузин, араб, ұйғыр билері орындалып, әр халықтың мәдени ерекшелігі мен өнері паш етілді. Сонымен қатар патриоттық әндер шырқалып, достық пен бейбітшілікке үндейтін жүрекжарды өлең жолдары айтылды.
Мерекелік кеш көрермендерге ерекше әсер қалдырып, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан халқымыздың ынтымағы мен ауызбіршілігін тағы бір мәрте айқындай түсті. Осындай тағылымды шаралар жас ұрпақтың бойында елжандылық пен татулық қасиеттерін қалыптастыратыны сөзсіз.